Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

07.03.2019

Алматыда 111 шақырым көшелер жөндеуден өтеді


Биыл алып шаһарда ұзындығы 111 шақырым болатын 120-дан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан өзге, қаланың 10 ықшамауданында ұзындығы 100 шақырымнан асатын жаңа көшелер салынады.

   

Шаһар басшысы көктем шығысымен орталық даңғылдар мен аудандық мәні бар көшелердегі люк мәселесіне қатысты шағымдардың көп түскенін мәлімдеді.

– Қала тұрғындары күзде емес, жаздың өзінде жаңа жолдармен жүрулері тиіс. Сондықтан орташа жөндеуден өтетін әр учаскенің жөнделу мерзімі, жөндеу жүргізетін адамдар мен техника саны алдын ала белгіленуі тиіс. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты ұзақ мерзімді келісімдер жасалды. Жұмыс сапалы болу үшін оған заманауи техника керек. Сондықтан бұл іске инвестиция құятын компаниялар бар. Егер мердігер жұмысты белгіленген мерзімінде орындамаса, айып­пұл салынады. Аудан әкімдері өздеріне тиесілі учаскелерді жеке бақылауына алып, ғимараттардың қасбетін ретке келтіруді, заңсыз салынған құрылыс­тарды жоюды, түрлі қызметтердің жұмыстарын үйлестіруі керек, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

   

Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуын­ша,  ауа райы мүмкіндік берсе, магист­ральді көшелерде жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстарын 10 күннің ішінде аяқтауға болады.

Қаладағы жолдарды жөндеумен «Есік жолдары» ЖШС (Медеу және Түрксіб аудандары), «ДСУ-13» ЖШС (Бостандық және Алмалы аудандары), «Конфорс» ЖШС (Әуезов және Наурызбай аудан­дары), «РСУ» ЖШС (Алатау және Жетісу аудандары) айналыспақ. Алма­тыда басталған «Vіsіon Zero» бағдар­ламасы бойынша орташа жөндеу жұ­мыстары кезінде қауіпсіз инфрақұрылым жасалып, апаттың алды алынады, жаяу жүргінші жолдары абаттандырылады. Бұдан өзге, адамдардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұрылыстардағы айналым радиустары қысқарады. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек жолдарды жөндеуге жауапты мемлекеттік органдар мен мердігерлік ұйым басшыларының байланыс нөмір­лері жазылған арнайы стендтер орнатуды, аумақты көгалдан­дыруды, бұрын жөнделіп, кепілді мерзімге қойылған жолдарды тексеруден өткізу керектігін тілге тиек етті.

Өткен жылы Алматыда 600 көше мен 1400-ден астам ескі аулалар жаңарды. 300 шақырым арық, 1000 шақырым инже­нерлік желілер жөнделді. Қаланың барлық өтпелі жолдары қайта жасалды. Бұдан өзге, Назарбаев даңғылы темір  жол эстакадасы арқылы Жансүгіров көшесіне дейін және Хмельницкий көшесі Сүйінбай даңғылы­нан «Жас қанат» ықшамауданына дейін үңгіленді.

07.03.2019