Бостандық ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі
аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Оқиғалар ОҚИҒАЛАР

14.10.2019

Алматыда ең үлкен Мемлекеттік ту орнатылды


Медеу мұз айдынының маңына Алматыдағы ең үлкен Мемлекеттік ту орнатылды.
Салтанатты шараға танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. 



«Алматыда Көк байрақты көтеру символдық мәнге ие. Алматы – Қазақстанның мақтанышы. Дәл осы жерде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттік рәміздер, Конституция және ұлттық теңгеміз қабылданды.

Сондай-ақ Тудың нақты Медеуге орналастырылуы тегіннен емес. Себебі, дәл осы жерде отандық және әлемдік спортшылардың қатысуымен жүздеген әлемдік рекордтар орнатылды. Сол сияқты бұл жерде Азиада мен Универсиада өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Қазақстанның байрағы көк аспанда самғағанда еліміз үшін, тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктеріміз үшін жүрегімізді мақтаныш кернейді«. Ұлттық баскетбол федерациясына осындай керемет сый үшін үлкен рахмет!», - деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Шараға қатысқан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттың арқасында әлемнің көптеген елдерінде болғанын, бірақ оның басты махаббаты өз елі болғанын айтты. «Бұл жерге қамқор болу және оның өркендеу жолында еңбек ету келешек ұрпақтың еншісінде. Нақ сол жастар спортшыларымыздың Қазақстан Туын желбіретіп, Әнұранын әуелету дәстүрін жалғастырады. Медеуге келген әрбір жерлесіміз желбіреп тұрған Көк туымызды көріп, Отаны үшін мақтанатын болады», - деді ардагер спортшы.

Айта кетсек, Медеуге Мемлекеттік тудың орнатылуы Ұлттық баскетбол федерациясының бастамасымен «Nur Otan» партиясының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Тутұғырдың биіктігі - 40 метр. Тудың ені - 7 метр, ұзындығы - 14 метр.



 

14.10.2019